2026 жылғы 1 шілдеде «Әділет» пен бизнес ТМК болашағын талқылады: ұсыныстар партия бастамаларына енгізіледі
«Әділет» партиясы бизнес ұсыныстары негізінде тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі бастамалардың бірыңғай пакетін әзірлейді. Мұндай шешім Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Іскерлік кеңестің отырысы қорытындысында қабылданды. Оған саланың ірі кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қатысушылар шикізатты терең өңдеуді дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту, инвестициялар тарту, инженерлік кадрлар даярлау және басқа да мәселелерді талқылады.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай атап өткендей, мол табиғи ресурстар ең алдымен Қазақстан экономикасының дамуына қызмет етуге тиіс.
«Бұл тек экономикалық мәселе ғана емес. Бұл – әділеттілік мәселесі. Жер байлығы халықтың байлығына айналуға тиіс», – деп атап өтті ол.