2026 жылғы 17 ақпан. Жылыту маусымы тұрақты өтуде
Жөндеу науқанының сапалы жүргізілуінің арқасында республика қазіргі жылыту маусымына елеулі нәтижелермен кірісті. Электр станцияларында он энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина жөнделді.
Электр станцияларындағы жөндеу науқанын қаржыландыру 20%-ға ұлғайып, 411 млрд теңгеге жетті. 17 мың км электр желісі мен 420 қосалқы станцияны жөндеу аяқталды. 323 км жылу магистралі ауыстырылды.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов кеше ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлағандай, қабылданған шаралардың арқасында электр энергиясын өндіру қуаты тарихи ең жоғары көрсеткішке – 17 273 МВт-қа жетті. Бұл өткен жылыту маусымындағы деңгейден 7%-ға жоғары. ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарының тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді. Жылу электр орталықтарының рейтингі едәуір жақсарды: олардың тоғызы қызыл аймақтан сары аймаққа, тағы үшеуі сары аймақтан жасыл аймаққа өтті.
Вице-министрдің хабарлауынша, 2026 жылы тоғыз энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. 17,1 мың км электр желісі мен 444 қосалқы станцияны жаңғырту көзделген. Сондай-ақ 377 км жылу магистралі ауыстырылады. Спикердің айтуынша, жоспарланған іс-шаралар кешенін толық орындау энергетикалық жабдықтардың тозу деңгейін екі пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.