2026 жылғы 12 маусым Қазақстанда көмір өнеркәсібін дамыту жоспары әзірленеді
Қазақстанда Үкіметтің тапсырмасы бойынша көмір өнеркәсібін дамытудың бірыңғай жоспары әзірленеді. Ол отын секторының ұзақ мерзімді тұрақтылығын және ЖЭО-ларды, бизнес пен халықты көмірмен сенімді қамтамасыз етуді көздейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның VII көмір өнеркәсібі форумында сөз сөйлеп, «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасының негізгі бағыттары мен энергетика секторын отынмен ұзақ мерзімді тұрақты қамтамасыз ету шараларын таныстырды.
Форумды ашқан ведомство басшысы көмір өнеркәсібі ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті, өнеркәсіп нысандарының үздіксіз жұмысын және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін макроэкономиканың негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Электр энергиясын тұтынудың бірнеше есе өсуі, урбандалу және энергияны көп қажет ететін жаңа жобалардың іске асырылуы аясында мемлекеттің өз базалық генерациясының болуы ерекше стратегиялық маңызға ие.