2026 жылғы 16 сәуір. Жүк тасымалы қымбаттауы мүмкін: ҚТЖ тарифтерді көтеруге өтінім берді
Қазақстанда теміржол арқылы жүк тасымалдау тарифтері өсуі мүмкін, деп хабарлайды LS.
14 сәуірде «Қазақстан темір жолы» Табиғи монополияларды реттеу комитетіне магистральдық теміржол желісі қызметтерінің 2026–2030 жылдарға арналған бесжылдық тарифтерін 2026 жылғы 1 маусымнан бастап көтеруге жаңа өтінім берді. Өтінім monopolist.kz базасында жарияланды.
«Бірінші және екінші сыныптағы жүктерге ұсынылған тариф өсімі: көмірге – 2,7 есе, астыққа – 2,6 есе, темір кеніне – 2,5 есе, химиялық минералдық тыңайтқыштарға, химикаттар мен содаға – 2,9 есе, түсті металл кеніне – 3,1 есе, құрылыс материалдары мен ағаш жүктеріне – 2,1 есе, мақта талшығына – 2 есе, басқа жүктер мен бос жүріске – 2,8 есе», – делінген хабарламада.
Үшінші сыныптағы жүктерге: металл сынықтары мен қара металдарға тарифтерді 2 есе, мұнай мен мұнай өнімдеріне – 1,8 есе, түсті және қара металдарға – 2,1 есе, глиноземге – 2,4 есе ұлғайту сұралып отыр.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен әскери тасымалдар жататын төртінші, әлеуметтік сыныптағы жүктерге тарифтер өспейді.